Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
Ә.Х. Марғұлан
атындағы
Археология институты
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Марғұлан атындағы Археология институтының журналы

КазНУ

Бастыбет Мәдени мұра Қараспан қалашығындағы зерттеулер

Қараспан қалашығындағы зерттеулер

Б.А. Байтанаев, Р.Х. Сүлейманов, Ж.Ж. Сүлейменова, А. Ергешбаев

2009 жылы Оңтүстік Қазақстан кешендік археологиялық экспедициясының Қараспан отрядымен, Қараспантөбе қалашығында зерттеу жұмыстары жалғасын тапты. Қалашықта барлығы алты жерде қазба жұмыстары жүргізілді, олардың үшеуі (Қ-1, Қ-2, Қ-3) стратиграфиялық тұрғыда. Қ-1 Қараспантөбе цитаделінің оңтүстік беткейінде орналасса, Қ-2 қалашықтың оңтүстік беткейінде дөңгелек рабадта жүргізілді, қалашықтан оңтүстікке қарай 900 м қашықтықта орналасқан Кіші Қараспанда Қ-3 жұргізілді. Қ-4, қазба үштен шығысқа қарай 200 метр қашықтықта жатқан, қалашықты оңтүстік, батыс, шығысынан қоршап тұрған ұзын дуалдың бірінде жүргізілді. Бесінші қазба (Қ-5) Қараспан қалашығының дөңгелек рабадының шығыс бөлігінде орналастырылды. Қазба алты (Қ-6) үшінші қазбадан оңтүстік-шығысқа қарай 70 метр қашықтықта, қалашықтың сыртқы дуалынан оңтүстікте орналасты.    
Бірінші қазба (Қ-1) цитаделдің үстіңгі шетінен қыр негізіне дейін алынды, ені 2 м, ұзындығы 24 м. Ол стратиграфиялық түрде кесіліп қазылды (географиялық координаттары - 42 T 503806 UTM 4703783.). Цитаделдің бұл беткейдегі жоғарғы алаңқайшасы бізге дейін ОҚКАЭ отрядымен қазба жұмыстары жүргізіліп нәтижесінде үш құрылыс қабаттары ашылған. Жоғарғы құрылыс қабатындағы бірінші және екінші қабаттарда ашылған  бөлмелер XVII-XVIII ғғ. жатқызылған. 2006 жылы қазба жұмыстарында ашылған үшінші қабатқа келетін болсақ, Д.А. Талеевпен жазылған жұмыстарда күмән тудырарлық жерлер бар. Мәселен ол бір жұмысында үшінші қабатты, керамикалық материалдар бойынша XI-XII ғғ. жатқызса, ал басқа жинақта дәл осы қабат XV-XVI ғғ. жатқызған. Бірақ, 2009 жылғы қазба жұмыстары корсеткендей аталған қабаттың материалдары негізінен XI-XII ғғ. жатады.
Қазба жұмыстары кезінде шөп қабаты астынан тығыз қоңыр топырақ қабаты ашылды, ол еңіс бойымен төменге қарай 5 м төмендікке дейін созылып жатыр. ІІІ қабаттың ортасынан бастап кірпіш сынықтары араласқан түйіршікті қабат жалғасқан. Бұл қабаттың барлығы шамамен 60 см қалыңдықта лаймен құйылған, ол V қабаттан бастап, VIII қабаттың ортасына дейін жетіп цитадел қиясымен жоқ болып кеткен. Төменірек, қазбаның негізіне дейін мәдени қабат, сұр түсті қам кірпіштердің қаландылары мен тығыз топырақ араласқан қабаттан тұрады. Батыс кесіндінің солтүстік бөлігіне жақынырақ, қам кірпіштердің сынықтары кездессе, осы жерден солтүстікке қарай орташа тығыздықтағы қоңыр топырақпен түйіршіктелген борпылдақ топырақ  араласа орналасқан. Осы жерде Х қабат деңгейінде қалыңдығы 20 см күл линзасы байқалады. Одан төменірек еңіс бойымен XXII қабатқа дейін қам кірпіш пен тығыз топырақ араласа орналасқан. Кірпіштердің көлемдері әрқалай 36х26х7-8, 40х18х10, 42х22х10, 50х25х8-10 см. Осы жерде ХІІ қабаттағы кірпішпен айналдыра қоршалған ошақ немесе кан қызықтырады, оның биіктігі 40 см, ені 80 см. Ошақтың ішінде жанған оттың іздері қалған. Кірпіштер ошақтың үстінгі және астынғы беткейінде жалпағынан қойылса екі шетінде кірпіштер тігінен жатқызылған. Одан төменірек XIV қабатпен XV қабаттың арасында қалыңдықтары 15-20 см күлді линзалар мен азынаулақ жануар сүйектері белгіленді. XXII және XXIV қабаттар арасында шағыл тас араласқан топырақ қабаты ашылды. Бұның астында тығыз топырақ араласқан қам кірпіштер қаландылары табылды.
Жоғарыда атап өткеніміздей I-VII қабаттардағы керамикалық материалдар XI-XII ғғ. жатқызылып отыр. Олардың арасында азынаулақ кейінгі ортағасырлық шыңылтырлы керамикалардың бөліктері кездеседі, алынған ыдыстар ақ фонға көк немесе қоңыр бояулармен орындалған өсімдік тектес өрнектері бар табақтар мен кеселерден тұрады. IV қабат бойында ертеректегі керамика табылды, ол шамасы қайта өңдеу кезінде түскен болуы мүмкін. Бұл цилиндрлі тіреуіші бар дөңгелек кесе тәрізді құты (курильница). Осыған ұқсаған ыдыстар Ташкент оазисіндегі жетіасар мәдениетінде, Талас мекендерінде кеңінен тараған. Аталмыш табылмалар Қауыншытөбе, Шаш төбе, Шаушұқұмтөбенің жоғарғы қабаттарынан мәлім, ол жерде олар VI-VIII ғғ. жатқызылған.
IX-XIV қабаттардың керамикалары аралас, ортағасырлық керамикалармен бірге ерте ортағасырға жататын керамикалар да кездеседі. Бұл ернеуінде шығыңқы сызықшасы бар сұр және ашық сұр ангобпен қапталған құмыра сынықтары. Мұндай құмыралар Шаш оазисіндегі Ханабад қалашығының VII-VIII ғасырға жатқызылған екінші құрылыс қабатында кездеседі. Сол сияқты XIV-XV қабаттағы күлді линзалардан қалың қабырғалы хұмдардың ернеулері, су таситын құмыралар сынығы, қызыл ангобпен қапталған шағын құмыраның ернеуі шыққан. Бұл ыдыстарға ұқсастықты қауыншы мәдениетінің IV-V ғасырға жатқызылатын II кезең керамикаларының арасында кездеседі.
Қазба-2, цитаделді дөңгелене қоршап түрған рабадтың оңтүстік бөлігінде орналастырылып, ол да стратиграфиялық тұрғыда қазылды. Оның географиялық координаттары – 42 T 503762 UTM 4703565. Қазба екіден солтүстік-батысқа қарай (рабад территориясында) 2004 жылдың стратиграфиялық қазбасы орналасқан, қазба материалдарды қала сыртындағы өмір сүру кезеңін 5 этапқа бөлуге мүмкіндік берді, ол б.э. І мыңжылдық және ХІІ ғ. дейін.    
Шөп қабатынан төмен IV қабатқа дейін қоңыр түсті борпылдақ топырақ орналасқан. Осы жерде атап кететін жайт, ІІ ярус бойында еңіс шетінде жас баланың көмбесі ашылды, оның басы солтүстік-батысқа бағытталса, беті батысқа қараған. Аталған деңгейдегі жұмыс барысында адам сүйектерінің бөліктері де кездесті. Ерекше белгілеріне қарап оны кейінректегі көмбеге жатқызуға болады. Сүйектерден солтүстікке қарай II-III қабат деңгейінде қазба жақтауына перпендикулярлы орналасқан қам кірпіштер бір қатарға қаланған, кірпіштердің көлемдері - 32х20х12 см. IV қабаттан төменірек ІХ ярусқа шейін қам кірпіштердің сынықтары араласқан орташа тығыздықтағы топырақ созылып жатыр. Кей жерлерінде оңтүстікке қарай жеңіл түскен жасылтым түсті топырақтар мен орташа тығыздықтағы ашық-сұр, сұр түсті қабаттар кездеседі. Сынық кірпіштердің арасында бүтіндей сақталған кірпіштер де бар, олардың көлемі 28х12х18 см. Ал, батыс беткейдегі кесінді бойынша VIII-IX ярустар деңгейінде екі қатарға қаланған қам кірпіштердің қаландылары анықталды, оның ені шамамен 1 м жуық. Оны соңына дейін анықтау мүмкін болмады, өйткені ол батысқа қарай созылып қазба жақтауына кіріп кетті. Бұл жердегі кірпіштердің көлемдері басқаша, үлкенірек – 40х20х7-10 см. Содан, Х қабаттан ХІІІ қабатқа шейін мәдени қабат жеке күл қабаттарынан және жасылтым қатпаршадан тұрады. Одан төменірек материк асты майда жанған түйіршіктер мен сұршыл топырақ орналасқан.       
Жоғарғы қабаттардағы (I-IV қабаттар) керамикалық материалдарды  X-XII ғғ. жатқызуға болады, олар су таситын құмыралардың табандары мен тостағандардың ұстағыштары, табақтар және т.б. IV-IX қабаттардағы керамикалық материалдар айтарлықтай ертеректегі (VII-IX ғғ.) кезеңге жатады. Олардың басым бөлігі VI-VII қабаттардан көптеген жануар сүйектерімен араласа алынған болатын. Бұлар қалың қабырғалы, ақшыл сұр фонға қара ангоб ағындылары бар хұмдардың бөліктері және тағара, қолмен жапсырып жасалынған қазандардың сынықтары. Төменгі қабаттардан да айтарлықтай көп мөлшерде керамикалық материалдар кездесті, олар қызыл ангобпен қапталған хұмдардың ернеулері мен қабырғалары, алмұрт пішімдес қолмен жапсырылған құмыралар мен қақпақтар. Керамикалық материалдардың басым бөлігі күл қабатынан (X-XIII қабаттар) шықты. Бұл материалдар өздерінің жақын ұқсастықтарын Отырар оазисінің және Арыс өзенінің жоғарғы және төменгі ағысындағы ескерткіштерден табады, олар I-IV және IV-VI ғғ. жатқызылған. 
Қараспан қалашығының цитаделінен оңтүстік-шығысқа қарай 700 м қашықтықта Кіші Қараспан орналасқан – ескерткіш «алаңқайшасы бар төбе» тәріздес. Төбенің батыс жағынан үлкен емес алаңқайшасы бар, жалпы диаметрі 80 м, биіктігі 10-12 м.
Кіші Қараспанның шығыс еңісінде ені 1,5 м, ұзындығы төбенің төменгі негізіне дейін – 16 м  шурф-кесінді жасалынды (Р-3). Оның географиялық координаттары – 42 T 504193 UTM 4702984. 2009 жылғы қазба 2008 жылғы Д.А. Талеевпен жүргізілген қазбаның жалғасы болып табылады. Сол жылғы қазба VII қабатқа дейін жеткен. Осыған орай табылған заттар мен мәдени қабаттардың мінездемесі VII қабаттан басталады. VII қабат деңгейінде борпылдақ топырақ пен арасында сынық, бүтіндерінің көлемдері 42х20х10 см қам кірпіштер кездесті. Одан төменірек VIII-IX қабаттарда қалыңдығы 50-60 см қоңыр түсті тығыз топырақ қабаты еңіс астымен шығысқа қарай 3 м-ге дейін созылып жатыр. XII қабаттың басында пахсалы дуал ашылды, дуалдың негізі XV яруста тұр. Сақталған дуалдың биіктігі 1,5 м жуық. XVI қабат деңгейінен нашар сақталған ошақ табылды, көлемі шамамен 40 см. Ошақтың ішкі жағында толы күл мен  құмыралардың екі-үш сынықтары бар. Төменірек XVI қабаттың ортасынан бастап дуалдың шығыс беткейінде дуалға жабысқан ені 6 м алаңқайшасы бар және оның клесі беті қам кірпіштердің қаландыларымен шектелген XXIV қабаттың ортасына дейін төмен түскен.  Кірпіштердің көлемдері 30х12х10 см. аталған кірпіш қаландыдан шығысқа қарй мәдени қабаттардың мінездемесі төмендегідей. XVII қабаттан XXII қабаттың ортасына дейін күйген-күлді қабаттар мен жануар сүйектері араласқан борпылдақ топырақтар қабаттары орналасқан. Шурфтың шетінен XVII қабаттың деңгейінде материкті қабат белгіленді, бірақта төмендегі көне қабат батысқа қарай бірден төмен түсіп XXVII қабатқа жеткен. Бұл ор тереңдігі шамамен 3 м. XXII қабаттың ортасынан XXVII қабаттың соңына шейін ордың іші бірінің соңынан ерген қабаттармен толтырылған: жоғарғы бетінде – қалыңдығы 1,8 м жасылтым топырақ дуалда және ор бойымен бірден котеріліп 20 см-ге дейін жұқарып кеткен. Осы қабаттан төменірек қоңыр түсті тығыз топырақ шығыс беткейден батысқа қарай бірден түсіп кеткен. Одан төменірек қалыңдығы 10-20 см жасылтым топырақ орналасқан. Оның астынан қоңыр түті тығызырақ топырақ ордың түбін жауып тұр. Ең астында сонымен қатар керамика аралас күлді-күйген қабаттар анықталды. 
IX-XVI қабаттардан алынған азынаулақ керамикалық материалдары бізбен IV-V ғғ. жатқызылды. Олар негізінен осы кезеңге тән керамикалардың, яғни ангобтардың аққан іздері бар үлкен хұмдардың, сонымен қатар доға тәріздес тік ұстағыштары және цилиндрлі мойындары бар су таситын құмыралардың бөліктерінен, тұрады. Сирегірек дөңгелек ұстағышы бар қызыл ангобты құтылар да бар. XVIII-XXVII қабаттардағы күл деңгейінен шыққан материалдар жеке бір комплекске жиналды. Олар ернеулері кесіндіде тік бұрышты немесе доға келген хұмдардың, құмыралардың бөліктері мен олардың ернеулері, ұстағыштары, су таситын құмыралардың қабырғалары. Ыдыстардың сырты ақшылтым-сұр түсті немесе ашық қоңыр ангобтармен қапталған және ыдыстың сыртында шикі затқа тырналып орындалған толқын тәріздес өрнектер бар. Мұндай ыдыстар Арыс өзенінің бассейінінде I-IV ғғ. жатқызылған.
Қазба-4 кіші Қараспаннан оңтүстік-шығысқа қарай 200 м қашықтықта, қалашықты оңтүтік беткейден қоршап тұрған дуалда орнатылды. Оның географиялық координаттары – 42 T 504389 UTM 4702866. Микрорелефтер бойынша  дуалдан солтүстікке қарай қою құрылыс нысандары орналасқандығын көреміз. Оңтүстікке қарай дуал бойымен ор өткен. Қазба жұмыстарының негізгі мақсаттарының бірі қорғаныс дуалының құрлымын және ордың ені мен тереңдігін анықтау болып табылды. Осылайша дуал мен орды қоса ені 1 м, ұзындығы 32 м кесінді жасалынды.
Қ-4 қазба жұмыстары нәтижесінде анық болғандай, қорғаныс дуалының қалыңдығы 9 м, дуалдың сыртқы және ішкі  жағында алаңқайшалар бар болған. Дуалдың сыртқы беткейінің сақталған биіктігі 4,5 м. Бұл жерде дуал тік емес, кей жерлері еңісіп, төменгі жағы керітпеленген. Азын аулақ керамикалар негізінен ор үстіне толтырылған борпылдақ топырақтан алынды. Бұл, қою жасыл шыңылтырмен қапталып, штампты өрнекпен өрнектелген шырағданның үш бұрышты пішімді құлағы, қазандардың ернеулері, су таситын құмыраның ұстағышы, бетінде ойылып салынған өрнегі бар жабқыш қақпақ сынығы, ыдыс қабырғасынан жасалған кішкентай ұршық.   
Қысқаша мінездемеленген керамикалық материалдар XI-XII – XIII ғғ. басына тән. Бұл жерде айтып кететін жайт, материалдардың ішінде ертеректегі керамикаларда бар. Олар ақшыл фонға қара ангобтар аққан қалың хұмдардың қабырғалары мен олардың жалпақ табандары. Мұндағы ертеректегі керамикалардың кездесуі, дуалдың құрлысы кезінде жер бетіндегі қираған көмбелердің топырақтарын пайдалану кезінде дуал құрылыс аймақтарына түсуі мүмкін.
Осының негізінде, дуалдың тұрғызылуы саманидтердің кезеңіне жатса, ал оның қарқынды құрылымы X-XII ғғ. болған. Алдында қалащықтың сыртқы дуалында қазба жұмыстарын жүргізген Д.А Талеев, табылған материалдарды VII-IX ғғ. жатқызған,бірақ бұл тұжырымды дәлелдейтін табылған заттардың мінездемесін келтірмеген.
Бесінші қазба (Қ-5) цитаделден шығысқа қарай 400 м қашықтықта рабад территориясында көлемі 10х4,5 м қазба жұмысы жүргізілді. Қазба жұмыстары кезінде қазбаның оңтүстік беткейі кеңейтіліп, архитектуралық құрылымдарды анықтау мақсатында ұзындығы 18 м, ені 1 м кесінді жасалынды.
Қазба жұмыстары нәтижесінде екі бөлменің және шығыс пен батыс беткейдегі сыртқы дуалдың беттері ашылды. Олардың дуалдары пахсадан тұрғызылған. Төбе шетіне жақын орналасқан шығыс дуалы төменге қарай біршама ағып кеткен. Батыс дуалда сондай қалыпта. Оның шеті алаңқайшаға жалғасқан V қабат деңгейінде орналасқан. Алаң колденең түрінде қатты пахсадан жасалған. Оның үстінде қалыңдығы 20 см болатын жанған қабат көрінеді.
Бірінші бөлме қазбаның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Дуалдың кей жерлері оңтүстік-батысқа қарай айныған, дуалдың ашылған бөлігінің биіктігі – 10 см сақталса, ені – 60 см, ұзындығы – 6,5 м. Бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында, еден деңгейінде үлкен тастар табылды. Қазбаның оңтүстік жақтауына жақын жерде диаметрі 60 см болатын сақталымы орташа тандыр ашылды. Екінші бөлменің оңтүстік-батыс бөлігі ашылды. Оның оңтүстік-шығысы – №1-ші бөлмемен ортақ. Бөлме ішіндегі борпылдақ топырақтардан алынған керамикалық материалдар X-XII ғғ. тән. Алынған керамикалар дөңгеленген қарынды және пластинчатты ұстағыштары бар құмыралардың, жіңішке мойынды құмыралар мен қалың қабырғалы хұмдардың, тостаған сынықтары. Материалдардың арасында аз ғана мөлшерде XVII-XVIII ғғ. жататын керамикада бар. Бұл ақшыл фонда марганцалы және көк түстің үйлесімімен орындалған өрнегі бар ыдыс қабырғасы, түбі бұлыңғыр көк шыңылтыр астында ойылып салыынған өрнекпен безендірілген табақ, сырты тік қабырғалы бұлыңғыр көк шыңылтырмен қапталған шырақтың мұрындығы.
Аз ғана керамикалық материалдарға сүйене, рабадтың бұл аймағы соңғы ортағасырларда әлсіз өмір сүрілгендігін айтуға болады.
Қараспан қалашығынан оңтүстікке қарай көбнесе «ұзын дуалдардың» сыртқы жағында қорғандардың бірнеше топтамалары орналасқан. Бұл, топтамалар Бөріжар қорымдарының жалғасы болып табылады (солтүстік-батыс беткейінің шеті).
Қазба (Қ-6) диаметрі шамамен 18 м және биіктігі 1,5 болатын кіші Қараспаннан оңтүстік-шығысқа қарай 70 м қашықтықта орын тепкен зираттардың бірінде жасалынды. Оның географиялық координаты - 42 T 504280 UTM 4702788. Төбе үйіндісінің құрлымы төмендегідей: жұқа шөп қабатының астынан біркелкі қоңырқай борпылдақ топырақпен адам сүйектерінің сирек қалдықтары кездесетін топырақ көмілген. Одан соң қалыңдығы әрқалай 20-50 см ашық-сұр тығыз топырақ қабаты кездеседі. Ал, жоғарғы нүктеден 90-120 см төмендіктен адам қаңқасы табылды. Бұл зираттың тоналғандығы сөзсіз. Адам бас сүйегі солтүстік-шығыс бөлігіндегі І-сектордың бұрышында орналасқан, беті солтүстікке қараған болса, басы шығысқа қараған. Бас сүйек өз кезеңінде жасанды өзгертілген (деформацияланған). Ал, қалған дене сүйектері оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс секторларында табылды.
Жоғарғы нөлдік нүктеден 120 см тереңдікте еден деңгейі керамика сынықтарымен төселген сағана табылды. Керамикалар VI-VIII ғғ. тән қалың қабырғалы хұмдар, су таситын құмыралар және олардың ұстағыштары арнайы сындырылып төселген. Камераның ортасында ОШ-СБ бағытында жарты сопақша тәріздес шағын тастардан құрастырылған сызық орналасқан. Камераға кіреберіс оңтүстік шығыс беткейде орналасып, есік қам кірпішпен бекітілген. Сонымен қатар кіреберісте бүтін қам кірпіш жатыр, кірпіш көлемі 53х25 см. Биіктігі анықталған жоқ, өйткені кірпіш нашар сақталған. Ғимарат қабырғаларының қалыңдықтары 110 см, өте нашар сақталған, негізіне дейін қирап кеткен. Ғимараттың сыртқы көлемдері шамамен 4,5х5 м  (сурет 1). Бұл қабір құрылыстарының жер үстіндегі сағаналарға (наус) жататыны сөзсіз.
Қызықты табылмалардың ішінен адам бас сүйегінің астынан табылған пішімі дөңгелек тәріздес қола бұйым, ол жейденің түймесі болуы мүмкін.  Оның сыртқы жағында түймеге тән доғал тәріздес ілмек бар. Беткі жағында басы оңға қараған адам силуэті бедерлене бейнеленген. Бұрым контурлары байқалады. Басының үстінде нимб бейнеленген және қыртысталып сырт киімі көрінеді. Мұның әйел силуэті болуы мүмкін (?). Суреттің кесіндісінен бас суйектің деформацияланғанын байқауға болады.
Басқа табылмалардан сурматашты, темірден жасалған бұйымдарды (пышақ сынықтары, белдік басы), сол сияқты екі-үш жақтаулы садақ ұштарын айтуға болады. Бұл бұйымдарға ұқсастықтарды Жуантөбе некрополі сағаналарынан табылған VI-VII ғғ. жатқызылатын бұйымдарда,Сидақ қалашығының некрполдері сағаналарынан шыққан VI-VIII ғғ. жатқызылатын бұйымдар арасынан табылады. Барлық табылмалар комплексі зиратты VI-VIII ғғ. жатқызуға мүмкіндік береді.


Сурет 1. №6 қазбаның үйіндісін алғаннан кейінгі сызбасы

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг