Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
INSTITUTE
Archeology
named A. Kh. Margulan

Address:
44 Avenue Dostyk, st. Shevchenko 28, Almaty

 

Banner

ruhani-jangyru-logo

Археология институтының журналы. А.Х.Марғұлан

КазНУ

Главная News Құлан

Құлан

Қазақ даласында ерте замандарда өркениеттің бастауындай танылған тарихи қалалардың болғаны мәлім. Бүгінде олардың іздері мен құм басқан орындары ғана сақталғанымен, мән-маңызы біздер үшін ерекше құнды екені сөзсіз. Себебі бұл қалалар заманында білім мен ғылымның, мәдениеттің ошағы ретінде ел өмірінің гүлденуіне, өркендеуіне сүбелі үлес қосты.

Ұлан-байтақ тарихымызды жан-жақты зерделеу жолында біз қазақ даласында орын тепкен осынау шаһар­лардың халқымыздың жүріп өт­кен жолында атқарған рөлін терең зерттеуіміз керек. Елбасының тапсырмасына орай, келесі жылы елімізде қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілмек. Осы тұрғыдан алғанда қазақ мемлекеттілігінің іргетасының қалануының негізінде де ұлы мәдениет пен өркениеттердің шамшырағындай болған қалаларымыздың мәртебесі қашанда жоғары. Солардың бірі – Құлан қаласы.
Құлан қаласының бой көтерген кезеңі VII-ХІІІ ғасырларға жатады. Қала туралы мәліметтер VII ғасырдың І-жартысындағы жазбаша деректер бойынша белгілі. Тан әулеті тарихында және қытайлық монах Сюань Цзяньның саяхаттық жазбаларында Құлан қаласы «Цзюйлянь» атауымен белгілі болған. Ибн Хордадбех пен Кудама деген геог­рафтар Құланды Тараздан батысқа қарай он төрт фарсахта деп көрсеткен. Аталған зерттеушілердің еңбегінде: «Тараз бен Құлан аралығының солтүстік жағы құм, ол құм мен малта тастан тұратын шөл дала, ондағы қиын жол қимақ шекарасына дейін созылады» деп жазылған.
Х ғасырда өмір сүрген араб географы әл-Макдиси Құланды «бекіністі қала» ретінде «алқалы мешіті» бар және ол үлкен Тараз жолында бос қалған» деп жазған. Бұл деректер Құлан қаласының тарихы тереңде жатқанын айғақтайды. Сонымен қатар ХІІІ ғасырдың 20-жылдары жазылған «Якут аль-Хамави» атты географиялық сөздігінде: «Құлан – түріктер елі шекарасындағы, Мауреннахр жағындағы әдемі қала» деп көрсетілген.

Археологиялық қазба жұмыстары Құланның аумағы үлкен қала болға­нын байқатады. Мұнда қорғаныс қабыр­ғалары, үй-жайлар, сарайлар орын тепкен. Қала аумағында орна­ласқан сарай орындары әріптермен нөмірленіп белгіленген.

Құлан шаһарына қатысты тарихи мәліметтер аз емес. Атап айтқанда, қалада 740 жылы батыс түріктің соңғы қағаны Ашинаның ұлы түргеш князі Курсул өлтірілген. Сонымен қа­тар 840 жылы араб әскері Құланға дейін жеткен деген мәлімет бар. Бұл, сөзсіз, Құлан қаласының өз заманында ірі орталықтардың бірі болғанын көрсетеді. Бұдан өзге де деректер молынан кездеседі.
Қаланы зерттеуге бағытталған археологиялық жұмыстар ХІХ ғасырдың аяғында бастау алды. Археолог-ғалым А.Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедициясы 1936 жылы зерттеу жұмыстарын қолға алса, 1963-1965 жылдар аралығында ҚазКСР ҒА-ның Жетісу археологиялық экспедициясының Луговой отряды да маңызды зерттеулерді жалғастырды.
Қазба жұмыстары барысында қала маңынан VII-ХІІІ ғасырға жататын көне жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, күмбезденіп жабылған жеті бөлмеден тұратын сарай, шарап жасайтын шеберханасы бар үй-жайдың қалдықтары және т.б. тарихи жәдігерлер табылды. 1989 жылы археологиялық зерттеулер қала орталығынан 2,5 шақырым жерде жүргізілді. Зерттеу жүргізілген аумақтың көлемі – 45х40 метр, биіктігі – 4,5 метр. Орталық төбеге жалғасқан аумақтан құрылыс қалдықтары мен сопақша болып келген шұңқырлар анықталды.
Құлан қаласындағы қазба жұмыс­тары барысында сол кезеңнің сәулеті мен құрылыс техникасын жан-жақты сипаттайтын маңызды материалдар да қолға тиді. Зерттеу кезінде мәлім болғанындай, ғимарат тұрғызудағы құры­лыстың негізі шикізатына сары топырақ пайдаланылған екен. Ол кір­піш жасауға, қабырға мен еденді сылауға, су өткізбейтін жабынды материал дайындауға қолданылғаны айқын аңғарылады. Орта ғасырда қыш кірпіш еденнің жекелеген бөліктерін төсеуге пайдаланылса, ХІ-ХІІ ғасырда одан қамалдағы ғимарат қабырғалары тұрғызылғаны белгілі. Сонымен қатар қала салу жұмысында ағаштың да айтарлықтай үлесі мол болған. Ағаш қабырғаларды күшейтуге, тегіс және құлама шатыр құрылымына пайдаланылды. Сары топырақтың арқасында ғимараттар іргетассыз, шым қабатынан тазартылған алаңда, биік жерде бой көтерді. Кейінірек ІХ ғасырда және одан кейінгі ғасырларда қабырғалардың іргесін беріктендіруге ортағасырлық құрылыстардағы қиранды үйінділер пайдаланылды. Сол кезде қабырғалар 15-20 сантиметрге тереңдетілген. ХІ-ХІІ ғасырларда ғимарат қабырға­ларындағы қыш кірпіштерге бірқа­тар жалпақ тастар қойылған. Мұ­ның барлығы археологиялық қаз­ба жұмыстары арқы­лы алынған мә­ліметтер.

Құлан қаласы құрылысы мен құры­лымы бойынша ортаазиялық және шығыс түркістандық үлгіге жақын келе­ді. Ғимараттар мен үйлерді қалау әдісі, материалдарды дайындау тәсілі, қабырғалардың сыртқы көрінісі осыны меңзейді. Материалдардың ұқсастығы бойынша кірпіштердің үлгісі, сонымен қатар көлемі Шаш, Уструшан, Ферғана, Соғды аумағындағы құрылыстарда, Муг тауындағы және басқа да қамалдар­да, Солтүстік Тохаристандағы Зангтепе, Шу өңіріндегі Қызыл қала құрылыс­тарында кездеседі.
Бөлмелердің жабындысына келетін болсақ, олар күмбезді және арқалықты болып келеді. Археологтардың белгілеуі бойынша «Құлан А» нысанындағы ғимараттың күмбезі тікбұрышты кірпіш­тен құралған көлбеу кесінді техникасында орындалса, «Құлан Г» нысанындағы ғимараттың 8 бөлмесінің күмбезі сүйір­леніп қаланғандығы байқа­лады. Бөлмелердегі екі қабырға арасы 2,7-3 метр шамасында. Осы орайда күмбезді жабынды «Құлан А» ғимаратындағы бір бөлмеде көрініс тапқанын айта кеткеніміз жөн. Күмбез тікбұрышты кірпіштен айнала өріліп қаланған. Бұған ұқсас күмбездер сондай-ақ Шу өңіріндегі Ақбешім қаласындағы будда храмынан, Ташкенттегі Ақтепе қаласынан, Кафыркала қаласының орталығынан, Аджинатепенің бөлмесінен және Қазақстан аумағындағы Ақтөбе қаласы сарайынан табылған.
Қала маңындағы ғимараттардың сәулетінен өзге де құрылымдарды бай­қауға болады. Мәселен, арқалық жабынды құрылымы.
Жалпы, Орта Азияда, соның ішінде Соғды, Тохаристан, Уструшан, Шаш, Оңтүстік Қазақстан және Жетісуда осыған ұқсас сәулеттік шеберлік және құрылыс үлгілері кең тараған. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан сәулет өнерінің элементтері мен бөлшектерінің жекелеген пішіндері Орта Азияның біршама аймақтарымен ұқсас болып келеді. Бірақ біздің аймақтағы түпнұсқалық сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігі бар екені анық.
Археологиялық құндылық ретінде мына бір деректі де келтіре кетуге болады. Құлан қаласының орнынан табылған оймышты сылақ орындалу техникасы, өрнектеу мәнері мен оюы Х-ХІІ ғасырлардағы ғимараттардың сыртқы түріне ұқсас. Сылақтың терең ойылған сызықты суреттерімен үйле­суі Қызылқала қаласындағы сарай кешенінде (Х-ХІІ ғғ.), Афрасиабтағы «күмбезді залды» ғимарат пен мешітте (ІХ-Х ғғ.), Тимадағы Араб-Ата кесе­не­­сінде (Х ғ.), Сафид-Булендтегі Шах-Фазиль мешіт-кесенесінде (ХІ ғ. бірінші жартысы) қолданылған. Бұл сол заманның сәулет өнеріндегі ұқсастықтар мен ортақ белгілер.
Қаланың өрнекті композициясында дәстүрлі халықтық мәнер де аңғарылады. Мәселен, қанат, шиыршық, гүлдесте және т.б. Гүлдестенің шығуы антикалық дәуірден жалғасып келеді. Ал Орта Азия өрнектерінде шиыршықтың әртүрлі пішіндері қолданылғаны белгілі. Ежелгі мәнерге жататын қанат, оның жиегін гүлдестелермен әшекейлеуінен белгі беретін нақыштар кезігеді. ІХ-ХІІ ға­сыр өрнектерінде мұндай қанат ке­ңінен таралған. Сонымен бірге өрнек­тік композицияның жекелеген мүсін­дері мен элементтері Орта Азия аума­ғында кең таралған ортағасырлық монументтік құрылыстардың өрнек­тері­мен ұштасады.

«Құлан Г» ғимараты бөлмесіндегі сәу­леттік өрнектер өзіндік үлгісі мен сипа­ты бойынша ІХ-ХІІІ ғасырдағы Орта Азия және Қазақстан сәулет өнерінде қалыптастқан жаңа бағыт болып табылады. Саздағы оюлар ІХ-Х ғасырдағы табиғи үлгілерді – өсімдіктік өрнектерді айқын бейнелейді. «Құлан Г» нысанынан табылған өсім­діктік-геометриялық және эпиграфия­лық өрнектерді ортаазиялық ескерт­кіш­термен салыстыру зерттеліп отырған құрылыстың Х ғасырдан басталатынын байқатады.
Орта Азия өнерінде жануарлардың бейнеленуі ежелден ерекше орын алған. Қола дәуірінде олар ата-баба­ларымыздың жануарлар жөніндегі түсінігімен, Орта Азияның оңтүстік-батыс бөлігіндегі ежелгі егіншілердің ғарыш, хайуандар мен жануарлар туралы түсініктері және мифология­сымен байланысты. Марал, бұқа, жылқы, қой, ешкі, қабан бастапқыда табиғат пен ғарыш күшінің кейіпінде болып, бір-бірімен жиі алмасып отыратын марал мен жылқы күн құдайы ретінде белгіленген. ХІ-ХІІ ғғ. Қара­хан мемлекеті уақытында жаңа өмір­танымдық бағыттар қалыптаса бастады. Олай болса, ортағасырлардағы сәулеттік өнер сол кездегі өрнек арқы­лы тұтас бір дәуірдің эстетикалық көзқарасын бейнеленгенімен, оның көркемдік белгілері де біршама күрделі.
Осылайша қазақ даласында орын тепкен тарихи қалалардың бірі Құлан жайында, оның сәулеттік ерекшелігі, қаланың мәдениеті мен өзіндік үлгі-өнегесі туралы археологиялық зерттеу­лер алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Біз туған жерімізде бой көтерген, сән-салтанатымен көз тартқан әсем де ғажайып қалаларымыздың болғанын, олардың елдігіміздің қалыптасу жолында үлкен рөл атқарғанын кейінгі ұрпақтарға жеткізе білуіміз керек. Сол қалалардың орнынан табылған кез келген тарихи жәдігер өткеннен сыр шертіп, бір жағы тағылым, екінші жағынан замана шежіресіне тереңдеп бойлауымызға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар көне шаһарларды зерттей түсу жолында жүйелі көзқарас қажет. Өйткені бұл тарихымызды тану, өркениеттік салт-сана бастауларын біліп қана қоймай, содан тағылым алу жолында ерекше маңызға ие.

Арнабай НҰРЖАНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология
институтының жетекші
ғылыми қызметкері
Ералы АҚЫМБЕК,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
PhD докторанты
Источник: anatili.kz

 

Add comment



Security code
Refresh

 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг