Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
Ә.Х. Марғұлан
атындағы
Археология институты
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Марғұлан атындағы Археология институтының журналы

КазНУ

Бастыбет Рухани жаңғыру ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АСҮЙЛІК ҚЫШ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАСАЛУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АСҮЙЛІК ҚЫШ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАСАЛУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

 1-minНұрғали Несіпбай, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология Институты, «Археологиялық технологиялар» зертханасының лаборанты

Қыш ыдыстар – археологиялық қазба жұмыстары барысында ең көп табылатын артефактілердің бірі. Керамикалық бұйымдар, өмірдің көптеген салаларына кеңінен қолданылғандықтан, ежелгі тұрғындардың бұрынғы тыныс-тіршілігіне, шаруашылығы мен тұрмысына қатысты құнды ақпараттар береді. Қыштан бұйым жасау технологиясының даму эволюциясы, өте ұзақ уақыттық тәжірибеден өтті. Археологиялық ашылулар нәтижесінде, керамиканың Жапонияда б.з.б. 12-11 мыңж., Қытайда б.з.б. 10 мыңж., ал Таяу Шығыста б.з.б. 8 мыңжылдықта пайда болғаны анықталды. Ас дайындау алгоритмі, ас ішу процесінен бұрын орындалатындықтан, тамақты қандай ыдыстарда және оны қандай қажеттіліктерді ескеріп жасағандығы маңызды. Асүйлік қыш бұйымдардың жасалу әдістері, құрамы мен пішіні, сазының тығыздығы, т.б. өзге мақсатта пайдаланылатын керамикалық бұйымдардан ерекшелеп тұрады.

 Қыштан жасалған бұйымдар қызметттік-технологиялық (қолданылыу аясы) белегілері бойынша: асүйлік, асханалық және шаруашылық-тұрмыстық болып үшке жіктеледі. Соның ішінде, Е.Ш. Ақымбек асүйлік қыш бұйымдарға: көзе, көзелек, қазан, таба, қақпақ, бірлі-жарым саптыаяқ, қазан тұғыры, үйкек және т.б. жатқызады.

Көзе өндірісі – үлен ауқымды кезеңдерден тұрады. М. Қожа бұл тақырыпты төрт кезеңге жіктеген:

1) шикізатты дайындау;

2) оны пошымдау (пішіндеу);

3) өңдеу

4) күйдіру.

 2-min

Ал, Е.Ш. Ақымбек бұл тақырыпты үш кезеңге бөліп қарастырған: шикізатты алу және дайындау; пішіндеу немесе қалыптау және сыртын өңдеу мен рәсімдеу не өрнектеу; кептіру және күйдіру. Ортағасырлық көзешілер сазды өзендердің ұлтандырынан немесе жағасынан алып, жасалынатын бұйымдарға байланыста сазын арнайы таңдаған. Ары қарай пайдаланылатын саздың құрамындағы қажетсіз заттар алып тасталынған. Ондай заттарға: өсімдік тамырлары, жапырақ, тастар және т.б. жатады. Ал, кей жағдайларда сазға арнайы құм мен қиыршық тастарды қосқан. Асүйлік ыдыстардың ішінде қазан жасалатын сазға құмды, ал тандырға қиыршықтасты арнайы қосқан. Бұл үдерістер ыдыстың беріктігінде белгілі бір дәрежеде рөл ойнаған. Дайындау процесінде кезінде, жақсы қыш шығуына кедергі келтіретін саз құрамындағы тұз бетіне шығады. Кейін сумен шаю қайталанған. Көзелік сазының құрамына қоспа ретінде әртүрлі өсімдіктер мен жануарлардың қиы, талшық, кремний диоксиді, шетен, қоға мамығы, т.б. қосқандығы анықталып отыр. Сазға ары қарай су қосып, қолмен немесе аяқпен басып, илеген.

Көптеген өңдеу шараларынан өткен жарамды сазға, келесі кезекте пішіндеу тәсілдері жүргізіледі. Ыдыс жасаудың көптеген әдістері болған. Оларды бір көлемді саздан немесе біртіндеп қосу арқылы жасаған. Біртіндеп қосып отырып жасалынған ыдыстар ежелгі технология бойынша қолмен жапсыру арқылы орындалған. Ал, бір кесек саздан жасау шарықа тән болып келеді. Е.Ш. Ақымбек ортағасырлық қыш бұйымдардың жасалуына қарай пішінделуіне байланысты бірнеше әдісін бөліп көрсеткен: қысу, жалпақ тақталап (ленталап), біртіндеп жапсыру және құю (кірпіш), шиыршықтап орау, шарықтау. Кейде бірнеше әдіс бір ыдыста кездестіндігін айтады. Мұны «композициялы (құрастырып немесе біріктіріп) пішіндеу әдісі» деп атаған.

Ақтөбе (Баласағұн) қаласындағы V-IX ғасырларға жататын қыш бұйымдар арасында, асүйлік ыдыстарға жататын қазандар да көптеп табылған. У.Х. Шәлекенов бұл ыдыстардың ертеден келе жатқан тәжірибе бойынша қолмен жапсыру арқылы жасалғанын анықтаған. Кейін, қолмен қылыпқа салып кептірген соң, арнайы соғылған пештерде күйдірілген. Мұндай пештер қазба жұмыстары барысында, Ақтөбе (Баласағұн) қаласының шахристанынан екі пеш, рабадтан бір пеш табылған. Ғалымның пікірінше, бұл жер қыш бұйым жасаушылардың қолөнер орталығы болған.

М. Қожа Отырар қаласындағы 5 қазба орнынан, ХІV ғ. екінші жартысы мен ХV ғ. жататын бөлмеден көзеші шарығының бөлігін тапқан. Оның диаметрі шамамен 1 м. Бұл дамыған ортағасырларда Отырар қаласының көзешілер орамынындағы арнайы мамандардың шарықты пайдаланғанын көрсетеді.

Ыдыстарды қолмен жапсыру арқылы жасау, көзеші шарығындағы пішіндеуден бұрын болған. Кейбір қолмен жапсырылған ыдыстардың әдемілігі сондай, кейде оны шарықта жасалған ыдыстан ажырату ғалымдарға қиынға соғып жатады. Ең алғашқы қыш бұйымдар қолмен жасалған. Кейін б.з.б. 1900 ж. Египетте бұйым жасауға арналған станоктың шығуы жұқа қабырғалы ыдыс жасауға мүмкіндік тудырды.

Шарықта қолданылатын саз, қолмен жапсыру арқылы дайындалатын сазға қарағанда жұмсақ әрі ылығалды болуы тиіс. Мұндай саз, ыдыстың қабырғасын көтеру кезінде қатты және құрғақ болмауына, оның үстіне пішінді кептіруде септігін тигізеді. Саз шарықтағы дөңгелектің дәл ортасында болуы қажет. Егер бұл жағдай ескерілмесе, ыдыс ассиметриялық және қабырға қалыңдығы бойынша біркелекі болмай қалады. Шарықтағы саз арнайы құрал арқылы пішінделген. Шарықта жасалынған ыдысты, оның қышына қарап анықтайды. Асүйлік ыдыстардың жасалу технологиясы бойынша, ең алдымен сазының қоспасына байланысты, өзге мақсатта пайдаланылатын қыш бұйымдардан еркекшеленетінін көруімізге болады.

Қорытынды. М. Қожа, Е.Ш. Ақымбектің зерттеулеріне сәйкес, асүйлік қыш бұйымдарының жасалу барысы, арнайы кезеңдерден тұратынын жоғарыда атап өттік. Шикізатты дайындау кезінде, жасалынатын бұйымдарға байланысты сазын арнайы таңдаған. Мысалы, қазанның көзелік сазына қоспа ретінде арнайы құм қосылған. Сонымен қатар, сазы да тығыз болып келеді. Көзешілер бұл жағдайда, ыдыстар ас пісіруге арналып жасалынғандықтан, отқа төзімділігін ескерген болса керек. Асүйлік қыш бұйымдарының жасалу технологиясы бойынша, сазды пішіндеу, кептіру және күйдіру кезіндегі үдерістер, әлі де жүйелі зерттеулерді қажет етеді. 

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг