Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
Ә.Х. Марғұлан
атындағы
Археология институты
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
Телефоны:
+7 (727) 272 06 99 - приемная
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Марғұлан атындағы Археология институтының журналы

КазНУ

Бастыбет Мәдени мұра Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында 2009 жылы жүргізілген зерттеулердің қысқаша қорытындысы

Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласында 2009 жылы жүргізілген зерттеулердің қысқаша қорытындысы

У.Х.Шәлекенов, Е.Ш.Ақымбек, Б.А.Байбугунов

2009 жылы далалық зерттеу жұмыстары Ақтөбе қаласының цитаделінен 50м батыста, шахристанда орналасқан қыш кірпіш қалдықтары шығып жатқан құрылыс орнын тазалаудан басталды. Бұл жерде 1976 жылы қазба жұмысы басталып, ол аяқталмаған. Сол жылы 15х15м көлемдегі қазба 0,6-0,8м тереңдікке дейін жүргізілгенде, оның тек солтүстік бөлігінен қыш кірпіштен қаланған қабырғаның қалдықтары шыққан. Сондықтан, 2007 жылы оны қайтадан зерттеу басталып, көлемі 14,5х13,5м қазба жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде құрылыс қалдықтары аршылған. Қазбаның оңтүстігіндегі қыш кірпіш көптеп шығып жатқан жері 6х6,5м көлемде тереңдетілгенде, 0,7 м қалыңдықтағы ретсіз шашылып жатқан қыш кірпіштердің астынан қабырғаның бірнеше қатар қаландылары шыққан.
2009 жылы осы қыш кірпіш қаландысы ерекше ғимараттың орны болуы мүмкін деген мақсатпен 2007 жылы жүргізілген қазбаның солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағына екі бақылау қазбасы салынды. Бақылау қазбасынан екі қабырғасы белгілі құрылыстың бұрыштары мен қалған қабырғаларын анықтау үшін қазба 10,4x10,3м кеңейтілді. Қазба барысында екі бөліктен тұратын мұнара құрылысының төртбұрышты іргетасы және жоғарғы жағының (цоколь) кішкене бөлігі анықталды. Құрылыстың іші, ортасы толығымен қыш кірпішпен қаланған. Қыш кірпіштерді бір-біріне қиюластырып қалауда арасына саз балшықты қолданған. 2-2,2 м тереңдіктен ашылған іргетасының оңтүстік, шығыс және батыс бұрыштары біршама жақсы, ал солтүстік бұрышы нашар сақталған. Құрылысты 1-1,5 м қалыңдықтағы құланды қыш кірпіштер басып қалған. Құрылысты бұзып, кірпіщтерін тасып алынғандығы анық байқалады.
Ашылған мұнараның төртбұрышты іргетасының көлемі 8,65x8,5м. Қабырға біркелкі бүтін кірпіштерден қаланса, құрылыстың ортасына сынған және әртүрлі өлшемдегі кірпіштер (22х11х4,5; 22-22,5х22-22,5х4,5; 23х23х4,5-5; 24-24,5х24-24,5х4,5-5,5; 24х12х5; 25х25х4,5-5; 31-32х13,5-14х5см.) пайдаланылған. Қазбаның жоғарғы жағындағы құланды арасынан арнайы өңделген кірпіштер мен бәдізделіп өрнектелген қыш кірпіштің сынығы кездесті
Қазба құрылыстың жоғарғы жағын ашумен ғана шектелді. Оның табаны мен қазаншұңқырын анықтау үшін оңтүстік-батыс бақылау қазбасы еденіне дейін жеткізіліп, солтүстік-шығыс бақылау қазбасы кеңейтілді. Құрылыс қатты тапталған жерге және қазаншұңқыры қазылып салынған Бақылау қазбасы бойынша құрылыстың сақталған биіктігі 3,6м құрайды. Іргетасының биіктігі 2,6 м. Яғни, орта тұсындағы қаландылары мен батыс қабырғасының біраз жері сақталған құрылыстың жоғарғы бөлігінің биіктігі 1 м.
Құрылыстың жоғарғы бөлігінен батыс қабырғасының кішкене қаландысы және шығысында екі кірпіші ғана сақталған. Тұрғызылуы мен сәулеттік ерекшеліктеріне қарағанда мұнараның осы бөлігі сегіз қырлы болғанға ұқсайды. Іргетастың батыс бұрышында жоғарғы бөлігінің сақталған қабырғасының ұзындығы 1,8 м, биіктігі 0,33 м, яғни алты қатар кірпіш қаландысы. Осыған қарама-қарсы шығыс бұрыш жағындағы жоғарғы бөліктің екі кірпіші сегіз қырлы құрылыстың бір бұрышын құрап қаланған. Бір кірпіші іргетастың шығыс бұрышына үшбұрыш жасап қойылса, екінші кірпіші (диагоналынан сындырылған жарты кірпіш) іргетастың оңтүстік-шығыс қабырғасына параллель 0,35 м ішкері қаланған. Олай болса, мұнараның жоғарғы бөлігінің төрт қабырғасы іргетас қабырғасынан 0,35 м ішке кіріп тұрған. Қалған төрт қабырғасы іргетастың төрт бұрышына қарама-қарсы тұрғызылған. Батысындағы қабырға мен шығысындағы кірпіштің арасы 7,85 м. Соған қарағанда мұнараның сегіз қырлы түбінің (цоколь) диаметрі 7,85 м болған болуы керек.
ХІ-ХІІ ғғ. жататын мұнараның тік төртбұрышты іргетасы мен жоғарғы бөлігі (цоколь) сегіз қырлы болып келуіне қарағанда Қырғызстандағы ортағасырлық Бурана мен Үзген қаласындағы мұнараларға ұқсас екендігі анықталды.
Шыққан заттардың басым көпшілігі қыш ыдыстар. Олар: құмша, құмыра, тегене, сфераконус, қазан, қақпақ, құты және т.б. Негізінен сфераконустың бірнеше түрі шықты. Саны жағынан да сфераконус көп табылды. Оларды көлемі мен пішініне, сонымен қатар өрнектелуіне қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Сырланған ыдыстардан табақтың сынықтары кездесті.

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг